
Ыстық күндерде қандай тағамдардан бас тарту керек?
Ауа температурасы көтерілгенде ағза тез сусызданады. Сондықтан шөлдегенді күтпей, су ішу өте маңызды. Бірақ, тек су ішу жеткіліксіз — ас мәзірін де ыстыққа бейімдеу қажет. Ағзаны қыздыратын (термогенез) және сіңуі ұзақ тағамдарды азайтып, оның орнына жеңіл әрі денені салқындататын тағамдарды тұтыну керек.
Майлы тағамдар
Қапырықта фастфуд секілді майы көп тағамдарды жеу ұсынылмайды. Себебі оларды қорыту үшін ағза көп күш жұмсайды әрі дене температурасын арттырады. Оның орнына құрамында суы мол көкөністерден жасалған салаттар (қызанақ, қияр және т.б.) немесе дәрумендерге бай салқын гаспачо ішу пайдалы.
Қызыл ет

Жазда барбекю жасап, стейк немесе ет қуыруды ұнатамыз. Алайда мамандар мұны құптамайды. Себебі қызыл ет ағзаға ауыр тиіп, дене температурасын арттырады. Оның орнына грильде піскен балық (сардина, скумбрия), тауық еті немесе жұмыртқа мен теңіз өнімдері секілді ақуызға бай жеңіл тағамдарды таңдаған дұрыс.
Тұз
Тұзы көп тағамдардан (чипсы, қақталған еттер, ысталған балық) бас тартып, суды ағзада ұстап қалмауға тырысу керек. Оның орнына қияр, қызанақ, сәбіз, шалғам секілді көкөністерді көбірек тұтын.
Зәр айдайтын сусындар
Ыстық күнде ағза сусызданады. Сол себепті суды көп ішу керек, ал шәй, кофе немесе детокс шырындары секілді зәр айдайтын сусындардан аулақ болған жөн. Олар керісінше ағзадан суды шығарып жібереді. Қарапайым суды іш, дәм беру үшін оған жидектер, лимон, жалбыз немесе райхан қосуға болады.
Қант

Қант ағзаға салмақ түсіреді әрі артық калория береді. Торт, бәліш сияқты тәттілерді суы мол жемістермен алмастырған жөн (қарбыз, қауын, құлпынай). Егер өзіңді еркелеткің келсе, мұздатылған жеміс десертіне немесе 90% судан тұратын йогуртқа назар аудар. Газдалған сусындар, жеміс шырындары, нан және картоп секілді баяу көмірсулардан да бас тартқан абзал, өйткені олар дене температурасын көтереді. Дәнді нанды аздап тұтынып, ішімдіктен аулақ болған дұрыс, себебі олар ағзаны одан әрі сусыздандырады.
Фото: Pexels
Дереккөз: ELLE