Тыйымды елемегендер 40 мың теңге төлейді: Бурабайда жаңа талап
Shutterstock: Almazoff

«Бурабай» ұлттық паркі туристерге Жұмбақтас жартасына ұқыпты қарауды өтініп, ережені бұзған азаматтарға айыппұл салынатынын ескертті.

Ұлттық парк Instagram парақшасында жариялаған видеода соңғы уақытта туристердің сурет үшін Жұмбақтастың төбесіне көтеріліп, тыйымды елемей жүргенін атап өтті.

«Жартастың басына көтерілуге қатаң тыйым салынған! Бұл тек табиғатты қорғау ережелерін бұзу емес, өмір мен денсаулыққа қауіп төндіреді. Белгіленген шектеулерді сақтап, Қазақстанның табиғи мұрасына ұқыпты қарауды сұраймыз. Ереже бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады»,

делінген ұлттық парктің хабарламасында.

Бейнежазба астында желі қолданушылары пікірлерін қалдырды.

«Ақыры кіреберісті жауыпты! Барлығы табиғаттың сұлулығына сүйсінсін, оны бүлдірмесін», «Керемет! Мұрамызды сақтау керек», «Ақыры бір дұрыс шешім қабылданды!» – деп жазды пікір білдірушілер.

Ұлттық парктің баспасөз қызметі бұл ережелердің бұрыннан бар екенін және инспекторлар күн сайын рейд жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын жасап жүргенін айтты.

Ережені елемегендерге не шара қолданылады?
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жартасқа шығатын туристер саны жыл сайын артып келеді. Биылдың өзінде 96 хаттама толтырылған, оның 10-ы Жұмбақтасқа көтерілгендерге қатысты.

«Бұған дейін ереже бұзушыларға ескерту жасалып келген, алайда олардың саны көбейгендіктен, алдағы уақытта 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салу шарасы қолданылатын болады»,

деп мәлімдеді ұлттық парк.

Жартастарға жазу жазғандар да жауапқа тартылады.

«Жартасқа жазу жазған вандализм әрекеттері үшін де 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған»,

деп атап өтті ұлттық парк.

Сондай-ақ, ұлттық парк туристерді белгіленген шектеулерді сақтап, табиғатты қорғауға шақырды.


Фото: Shutterstock
Дереккөз: Tengrinews

Поделиться: