
Instagram: @missworld/@suchaaata
Таиланд елінің өкілі, модель Опал Сучата Чуангсри 31 мамыр күні Үндістанның Хайдарабад қаласында өткен 72-ші «Әлем аруы» байқауында жеңіске жетті.
Бұл — байқау тарихында таиландтық ару алғаш рет басты титулды жеңіп алған сәт.
Эфиопия елінің өкілі Кассет Дередже Адмасу бірінші вице-мисс атанса, екінші орынға польшалық Майя Клайда ие болды. Үшінші вице-мисс — Мартиникадан келген Аурели Йохаим.
Опал Сучата Чуангсри 2003 жылдың 20 қыркүйегінде Пхукет аралында қонақүй иелері отбасында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Бангкок қаласындағы Таммасат университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алады. Болашақта елші болуды армандайды. Сонымен қатар, моделдік кәсіппен де айналысады.
Опал тай, қытай және ағылшын тілдерін меңгерген. Үйінде бес иті және он алты мысығы бар. Бұған қоса, ол сүт безі қатерлі ісігін зерттейтін қорларда ерікті ретінде жұмыс істеген.
17 жасында алғаш рет «Мисс Раттанакосин» атты жергілікті сұлулық байқауына қатысқан. Кейін «Әлем аруы Таиланд – 2024» байқауында ел назарын аударған. Бұл оған «Әлем аруы – 2024» байқауына қатысуға мүмкіндік берді. Ол жерде үшінші орынды иеленді.
16 жасында сүт безінде анықталған қатерсіз ісікке ота жасатқан. Осыдан кейін ол басқа әйелдерге көмектесуді мақсат тұтып, «Opal For Her» атты жеке жобасын ашты. Жобаның мақсаты — әйелдерді сүт безі аурулары туралы ақпаратпен қамту және ерте диагностика маңыздылығын насихаттау.
2025 жылдың сәуірінде «Әлем аруы» байқауының ұйымдастырушылары Опал Сучатаны үшінші вице-мисс титулынан айырды. Олар мұны титул иесінің басқа байқауларға қатыспау ережесін бұзғанымен түсіндірді.
Чуангсри байқау өкілдерінің шешімін құрметпен қабылдайтынын айтты. Сонымен қатар, «Әлем аруы – 2024» және «Мисс Таиланд» байқауларындағы жетістіктері оның жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтті.
Хайдарабадтағы байқаудың финалында Опал сенімділігімен, ақыл-парасатымен және қоғамдық жобаларға деген адалдығымен қазылар алқасының көңілінен шықты. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Соңғы бөлімде 108 қатысушының ішінен таңдалған төрт финалист қазылардың сұрақтарына жауап беріп, жеңімпаз анықталды.
Фото: Instagram
Дереккөз: Tengrinews