
Instagram: @halitergencresmi
«Ғаламат ғасыр» телехикаясында Сұлтан Сүлеймен рөлін сомдап, танымал болған түрік актер Халит Эргенч Ыстамбұл сотының үкімімен шартты түрде 1 жыл 10 айға бас бостандығынан айырылды.
Бұл үкім оған Гези саябағындағы наразылықтарға байланысты қозғалған іс аясында жалған куәлік берді деген айыппен шығарылды.
Басылымның мәліметінше, бастапқыда сот Эргенчке 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Алайда сот процесіндегі оның сыпайы мінез-құлқы ескеріліп, мерзім қысқартылған.
Кейінірек, актердің бұрын сотты болмағанын назарға алған сот үкімнің күшіне енуін кейінге қалдырды. Осылайша, Эргенч шартты жаза алды.
Еске сала кетейік, актер 2013 жылы Гези саябағындағы наразылықтарға қатысып, Боб Марли суреті бар жеңіл жейде мен көзден жас ағызатын газдан қорғану үшін медициналық маска киген күйде газет суреттерінде көрінді. Оның бұл әрекеті жұрт назарын аудартты, өйткені ол бір жағынан Осман империясының ұлы билеушілерінің бірін сомдап жүрсе, екінші жағынан Осман мұрасын мадақтауға ұмтылған үкіметтің әрекеттеріне қарсы наразылық білдіріп жүрді.
Кейін Халит Эргенч басқа да мәдениет өкілдерімен бірге Түркияның сол кездегі премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуге шақырылды.
Фото: Instagram
Дереккөз: Nur.kz