
Instagram: @matildadjerf
Жазда сенің ойың тек демалып, еркін уақыт өткізу мен әдемі күнге күю жайлы болады. Егер күнге қыздырыну жоспарыңда болмаса немесе жасанды күнге күйгендей әсер қалдыратын құралдарды қолданғың келмесе, скандинавиялық инфлюенсерлердің жасағанын қайталап көре аласың.
Бұл аймақтың нәзік жандылары терісі тым ашық болса да, күнге күйгендей көрінудің жолын тапқан. Енді скандинавиялық макияждың қандай болатынын және оны қалай жасайтынын айтайық.
Скандинавиялық макияждың ерекшелігі қандай?

Instagram: @hoskelsa
Скандинавиялық стиль тазалықпен, табиғилықпен және жұмсақтықпен байланысты. Бұл өңірдің инфлюенсерлері арасында ауыр әрі ашық түсті макияжды ұнататындарды сирек кездестіресің. Минимализм — сканди стилінің негізі. Дегенмен, солтүстік-батыс тұрғындары да күнге күйгендей көрінуді қалайды. Қоңырқай түстің құпиясы — бронзерді молынан қолдану және оны жылы реңкті өнімдермен үйлестіру. Нәтижесінде сенің бейнең сыпайы, бірақ тартымды болады, дәл күн сәулесі теріңді сүйіп өткендей.

Instagram: @aishka_adi
Скандинавиялық макияж теріңе нәзік қола реңк беріп, көзіңді айқындай түседі, ал бет пішінің әдемі болады. Бұл бояну түрі Матильда Джерф сынды блогерлердің арқасында танымал болды. Ол образдар мен макияжда минимализмге баса мән береді. Оның бронзерді қолдану тәсілін басқа инфлюенсерлер де тез меңгеріп алды. Мысалы, танымал модель Эльза Хоск Scandi Summer деп аталатын киім топтамасын шығарды.
Бұл макияж ақшыл шашты, көк көзді аруларға жарасады. Бірақ, қара көзді, қоңыр шашты қыздарға да әдемі үйлеседі.
Скандинавиялық макияжды қалай жасауға болады?

Instagram: @rosiehw
- Бұл бет бояуының негізгі шарты — теріңді жақсы ылғалдандыру. Макияж алдында 15-20 минут бұрын жеңіл крем жағып ал, ол бетіңе балғындық пен нәзік жылтыр береді. SPF қолдануды ұмытпа, теріңді ультракүлгіннен қорғау маңызды.
- Егер табиғи жылтыр қосқың келсе, сұйық немесе кремді хайлайтерді қолдан. Оны бет сүйегінің шығыңқы тұсына, мұрын үстіне жақ. Өнімді аздап алып, саусағыңмен жайып, табиғи әсерге қол жеткіз.
- Ең бастысы — бронзер. Бұл саған күнге күйгендей әсер беретін негізгі құрал. Сарапшылар сұйық немесе крем бронзерді таңдауға кеңес береді — ол жаққанға ыңғайлы, жеңіл әрі табиғи көрінеді. Шиммері ұсақ әрі білінер-білінбес болғаны дұрыс. Бронзерді бет сүйегі, мұрын үсті, маңдай шеті мен жақ сызығына жағып, жоғары бағытта спонжбен немесе қалың қылқаламмен жақсылап жай.
- Соңында бет сүйегі мен бет ұшына таңқурай немесе қою қызғылт түсті кремді не сұйық бет қызартқыш бояу жақ. Жақсылап жайып, табиғи нәзік нәтижеге қол жеткіз.
Фото: Instagram
Дереккөз: GRAZIA