
Instagram: @rolandgarros/@bublik
Қазақстандық теннисші Александр Бублик жартылай финалға бір қадам қалғанда «Ролан Гаррос» турнирінен шығып қалды. Алайда ол Парижден 250 миллион теңгеден астам табыспен елге оралады.
Ширек финалда Қазақстанның бірінші ракеткасы әлемнің үздік теннисшісі, италиялық Янник Синнерге қарсы ойнады. Кездесу үш сетте аяқталды. Тек екінші сетте ғана Бублик қарсыласына лайықты қарсылық көрсете алды: 6:1, 7:5, 6:0.
Айта кетейік, 1/8 финал кезеңінде-ақ Бублик сенсация жасады – әлемдік рейтингте 62-орында тұрған қазақстандық теннисші топ-5 ойыншының бірі, британдық Джек Дрейперді жарыстан шығарды.
Сондай-ақ, Александр Бублик өз карьерасында алғаш рет әлемнің 9-ракеткасы саналатын Алекс Де Минаурды жеңді.
«Ролан Гаррос» турнирінде Бублик қанша табыс тапты
«Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердің жүлде қоры жарыс басталмай жатып жарияланады. Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының (ATP) ресми сайтына сәйкес, «Ролан Гаррос» турнирінің ширек финалына өткен ойыншы 440 мың еуро (шамамен 255 миллион теңге) көлемінде сыйақы алады. Бұл сома салықты есепке алмағандағы көрсеткіш екенін атап өткен жөн.
Қазақстандықтардан турнирде кім қалды
2025 жылғы Франция ашық чемпионатына (Ролан Гаррос) жекелей сында Қазақстан атынан Александр Шевченко, Александр Бублик, Елена Рыбакина және Юлия Путинцева қатысқан болатын. Соңғы сәтке дейін жарыста тек Бублик қалған еді.
Ал жұптық сында Юлия Путинцева мен Анна Данилина бақ сынады. Юлия екінші айналымда жарысты аяқтаса, Анна сербиялық жұбы Круничпен бірге жартылай финалға дейін жетті. Ертең, 6 маусым күні, серб-қазақ дуэті финал жолдамасын норвегиялық Эйкери мен жапондық Ходзумидің жұбымен сарапқа салады.
Фото: Instagram
Дереккөз: Tengri Sport