
Instagram: @tursenalaguzov
Баян Алагөзованың қызы Айсәуле Бақытбек өз YouTube арнасында эксклюзивті сұхбат жариялады. Ол Тұрсын Алагөзовпен сырласып, 100 пәтер сыйлауының себебін білді.
Мамыр айының соңында кәсіпкер Тұрсын Алагөзов өзінің «Galanz Bottlers» атты компаниясының қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлаған болатын. Бұл жайлы барлық БАҚ өкілдері жазып, сол кездегі ең көп талқыланған жаңалықтардың біріне айналды.
Айсәулеге берген сұхбатында кәсіпкер балалар үйінде өскен анасының тәрбиесі адамдарға жақсылық жасауға итермелегенін айтты.
«100 пәтер сыйлағаннан кейін келіп, сізді жай ғана құшақтасам бола ма деген адамдар көп болды. Біріншіден, мен мұндай резонанс болады деп күтпедім. Өйткені, маған Тайландтан, Дубайдан хабарласты. «Тұсын Алагөзов деген кім?» деп сұрап жатты. Ресейдің жаңалықтарынан көрсетті. Барлығы осыны талқылап жатқанда мен ота жасатқан болатынмын. Бас дәрігер келіп, қолымды алып, алғысын білдірді. Барлығы сол пәтерлерді оларға сыйлағандай қуанды»,
деді кәсіпкер.
Алагөзов бұл әрекетті жанының қалауы әрі азаматтық парызы ретінде қабылдағанын айтты. Ол пәтер кілті табысталған қызметкерлердің басым бөлігі – қарапайым жұмысшылар екенін атап өтті. Сондай-ақ, алдағы 1–2 айда олар жаңа пәтерлеріне қоныстанған кезде, әр отбасыға теледидар мен тоңазытқыш сыйлауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Кәсіпкер бұл әрекетін өз кәсібін дамытудағы маркетингтік әдіс деп түсінгендерге де жауап берді.
««Maxi чай»-ға 25 жыл. Қазақстанда, Қырғыстанда барлығы біледі. Әрине, бізге жарнама қажет, бірақ, мұндай жолмен емес. Сондықтан, мұның маркетингке қатысы жоқ»,
деді Алагөзов.
Фото: Instagram