
Instagram: @justinbieber
Канадалық поп-әнші Джастин Бибердің Coachella 2025 фестиваліндегі оғаш әрекеттері жанкүйерлерінің алаңдаушылығын тудырды.
TikTok желісінде жарияланған бейнежазбада Бибердің темекі тәрізді бірдеңе шегіп, өзінің 2015 жылғы «What Do You Mean?» әніне бүкірейіп алып басын шайқап тұрғаны байқалады. Бұған дейін де ол Кендрик Ламардың «Not Like Us» әніне ерекше қимылдармен билеп, жейдесіз жүргені көрермендердің назарын аударған болатын.
Жанкүйерлер әлеуметтік желілерде әншінің бұл әрекеттеріне қатысты пікір білдіріп, оның психикалық және физикалық жағдайына алаңдады.
Кейбіреулер оның бұл қылықтарын «жай ғана көңіл көтеру» деп қабылдамаған. Мәселен, бір желі қолданушысы:
«Кешіріңіздер, бірақ ол жақсы көрінбейді. Бұл жай ғана көңіл көтеру емес, ол анық бір нәрсенің әсерінде»,
деп жазды.
Тағы бірі: «Оның жанына достары қажет», – десе, үшіншісі: «Ол бақытсыз көрінеді, оған көмек қажет», – деген пікір қалдырды.
Бұған дейін, 2025 жылдың ақпан айында, Бибер Лос-Анджелесте әйелі Хейли Бибердің іс-шарасында ерекше қылықтарымен көзге түскен болатын. Ол жерде әнші бір орында тербеліп, кең күлімсіреп тұрғаны байқалған. Кейінірек оның өкілі бұл әрекеттерді әншінің көңіл-күйінің жақсы болуымен түсіндіріп, есірткі қолдану туралы қауесеттерді жоққа шығарды.
Дегенмен, Джастин Бибердің соңғы уақыттағы әрекеттері мен әлеуметтік желілердегі жазбалары жанкүйерлер мен жақындарының оның психикалық денсаулығына қатысты алаңдаушылығын арттыра түсті. Көпшілігі әнші кәсіби көмекке жүгінуі қажет деп санайды.
Фото: Instagram