
Instagram: @zaqcount
NINETY ONE тобының мүшесі, ZAQ (Дулат Мұхаметқалиев) алғаш рет әке атанған кездегі ерекше сәттерімен бөлісті. Бұл туралы рэпер «Айқап» подкастында айтып берді.
Ол үшін ең толқулы әрі ауыр сәттердің бірі – тұңғышының дүниеге келуі болғанын айтты.
«Бізде Айрин өмірге маңдайымен келді. Негізі бала желкемен туылуы керек қой. Мұндай жағдайда ашылу 14 см-ге дейін жетуі тиіс екен. Бұл – физиологиялық тұрғыда мүмкін емес нәрсе. Босану процесі кезінде УДЗ-де күрделі жағдайды анықтамай, «бәрі дұрыс» деп босану бөліміне жіберген. Жадыраның денсаулығы үшін де өзі босану қауіпті болған. Өйткені жүрегіне осыған дейін ота жасалған. Дәрігерлер табиғи жолмен босануға болмайды деп кеңес берген.
Эпидуралды анестезия арқылы ауырсынуды басса да, әйелімнің жағдайы жақсы болған жоқ. Біздің тәжірибелі акушердің өзі: «Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын», деді. Бір уақытта жылаған дауысты естідім, қызымның кіндігі үш жерден оралып қалған екен. Бірақ, дәрігерлер шұғыл әрекет етіп, қызымды аман-есен алып шықты»,
деп бөлісті Дулат.
ZAQ-тың айтуынша, әйелі Жадыраның жағдайы қиындап кеткен.
«Босанғаннан кейін Жадыра есінен танып, 10 күн бойы перзентханада жатты. Қан құю қажет болса да, ол қатты қорқып, бас тартты. Содан кейін балаға мен қарай бастадым. Бірінші бір апта әйелім басын көтере алмады, қалпына келуге ұзақ уақыт кетті. Мен қырқынан шығарып алам, одан кейін жұмыс істей беремін ғой деп ойлап жүргенмін. Бірақ, жоспарлардың бәрі өзгерді. Өйткені, жадыраның қалпына келуіне 2-3 ай уақыт кетті. Сондай сәтте жанында болғаныма қуанамын»,
деді жас әке.
Фото: Instsgram