
K-pop жұлдыздары еріндерін қалай көлемді әрі балғын етіп бояйды? Корей қыздарының барлық сұлулық құпияларын ашамыз.
Соңғы жылдары Азия аруларының бет бояу тәсілдері сән әлемінде үлкен танымалдылыққа ие болды. Жеңіл әрі ұқыпты көрінетін образ жасауға баса мән беріледі. Басты назар — жарқыраған, мінсіз теріде, бірақ нағыз ерекшелік — ерін бояуында. Градиент әдісімен жағылған тинт ерінге жұмсақ, сүйілгендей әсер береді, ал жылтыр финиш — балғындық пен көлем қосады.
Мұндай макияж табиғи сұлулықты айқын көрсетуге арналған. Анық контурлар мен қанық түстердің орнына — жеңілдік пен үйлесім. Төменде саған ерін макияжына арналған 5 бьюти-кеңес дайындап қойдық.
Градиент эффекті
Ерінге табиғи көлем мен жұмсақтық беру мақсатында корей қыздары градиент әдісін қолданады. Бұлай бояу үшін тинт немесе далапты еріннің ортасына жағып, содан соң саусақпен шеттеріне қарай тарату қажет.
Қалаған жағдайда еріннің шеттерін консилермен аздап ашық түске бояп, градиентті одан әрі айқындауға болады. Бұл әдіс образға жеңілдік пен нәзіктік береді, бірақ еріннің тартымдылығын сақтайды.
Жеңіл әрі нәзік өнімдер
Қою, ауыр далаптардың орнына корей қыздары жеңіл, бірақ өте тұрақты тинттерді ұнатады. Олар ерін терісімен үйлесіп, табиғи әсер береді.
Әсіресе су тәрізді тинттер танымал. Олар ерінге аздаған қызғылт рең береді, жабыспайды және жайсыздық тудырмайды. Қарапайым далаптарға қарағанда тинт күні бойы ерінде сақталып, құрғатпайды. Табиғилық пен жайлылықты қалайтындар үшін — таптырмас таңдау.
Еріннің табиғи жылтыры
Корей қыздарының бояуында еріннің табиғи жылтыры маңызды рөл атқарады. Ол үшін алдымен ерінді жақсылап ылғалдандырған жөн. Бальзам жағып, ерінге сау әрі жұмсақ көрініс бер, содан кейін мөлдір гель немесе жылтыр қосып, табиғи көлемді айқында.
Қалаған жағдайда меруерт түсті өнімдерді пайдалануға болады — олар ерінге нәзік жылтыр береді, бейнебір салқын сусын ішкендей әсер қалдырады.
Бұлыңғыр контур
Ерінге акварель әсерін беру үшін тинт жаққаннан кейін оның шетін аздап бұлыңғырлату жеткілікті. Мұны мақта таяқшасымен немесе жұмсақ қылқаламмен жасай аласың — тек айқын сызықтарды кетіріп, түс ауысымын біркелкі қылса болғаны.
Мұндай бояу жеңіл әрі сәнді көрінеді. Әсіресе, күнделікті образға өте жақсы үйлеседі, ерінді табиғи әрі тартымды етіп көрсетеді.
Ерін бояуын екі рет жағу арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу
Ерін бояуының ұзақ сақталуы үшін корей қыздары қос қабат әдісін қолданады. Алдымен тинт жағып, оның жақсы сіңуіне мүмкіндік береді, содан кейін ылғалдандыратын бальзам немесе жеңіл гель қосады.
Бұл әдіс еріннің жұмсақ әрі ылғал болып қалуына көмектеседі, құрғақтық пен жайсыздықтан қорғайды. Қос қабат тек макияждың ұзақ сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймайды, ерінді көлемді етіп көрсетеді.
Фото: Instagram