ұйықтар алдында бас тарту керек тағамдар

Pexels: KATRIN BOLOVTSOVA

Көбі ұйықтар алдында кем дегенде бір рет тәтті жеп көрді — мысалы, кәмпит, йогурт немесе жеміс-жидек. Алайда британдық нутрициолог Кайл Кроулидің айтуынша, мұндай «пайдалы» тағамдар да денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін, егер оларды түнде тұтынатын болсаң.

Диетологтың айтуынша, қышқыл тағамдар — мысалы, цитрусты жемістер мен қызанақ — асқазанда артық қышқыл бөлінуіне себеп болады. Ал бұл кері әсерін тигізіп, қыжыл мен рефлюкс секілді жағымсыз белгілерге әкелуі мүмкін.

Кеуде тұсының ашып, күйіп тұрғандай сезімі (әсіресе, кешке қарай) көп адамға таныс. Мұның себебі — асқазан қышқылының жоғары көтеріліп, жұтқыншаққа дейін жетуі.

Маман ескерту жасайды: егер бұл белгілерге мән бермесең, мәселе ушығуы мүмкін. Созылмалы рефлюкс өмір сапасын нашарлатып қана қоймай, асқазан мен өңештің қатерлі ісігіне шалдығу қаупін арттырады.

Алайда бұл мәселелерден сақтану оңай. Ең бастысы — ұйықтардан кем дегенде екі сағат бұрын тойып тамақ ішпеу қажет.

«Ұйықтар алдында тамақ ішуден аулақ бол — мейлі кешкі ас үстелінде болсын, мейлі төсектің үстінде жатып жейтін жеңіл-желпі тіскебасар болсын»,

дейді Protein Works компаниясының бас диетологы Кайл Кроули.

Маманның сөзінше, әсіресе төсекке жатып алып қышқыл тағам жеу — зиянды әдет. Апельсин, қызанақ, грейпфрут секілді өнімдер асқазан мен өңеш арасындағы клапанды тітіркендіріп, ауырсынуды күшейтеді.

Ұйықтар алдында жеуге болмайтын тағамдар:

  • Цитрусты жемістер (апельсин, грейпфрут және т.б.);
  • Қызанақ;
  • Барлық қышқыл тағамдар;
  • Майлы тағамдар.

«Егер төсекте отырып тамақтанғың келсе, тым болмағанда шалқайып жатпай, тіке отырып же. Бұл қыжыл мен түн ішінде оянудан сақтайды»,

дейді диетолог.

Сонымен қатар, ұйықтар алдында майлы тағамдардан да бас тартқан жөн. Майлар өңештегі клапанды босаңсытатын гормонның бөлінуіне әсер етеді. Осылайша, қышқыл жоғары көтеріліп, кеуде тұсының күйіп ашуын тудырады.

Ұйықтар алдында не жеуге болады?

Кешкісін қатты қарның ашып кетсе, диетолог Кайл Кроули жеңіл әрі бейтарап тағам түрлерін таңдауға кеңес береді — мысалы, жаңғақ немесе сүт. Мұндай тағамдар ас қорытуды бұзбайды және ұйқыға әсер етуі екіталай.


Фото: Pexels

Дереккөз: Tengrinews

Поделиться: