ерінге арналған комбо

Instagram: @haileybieber

Бұл ерін бояулары кез келген қыздың бейнесіне мінсіз үйлеседі.

Әр қыздың өзіне ұнайтын ерін бояуының сүйікті комбинациялары болады. Біреулер қою қарындаш пен ашық далаптан айрылмайды, енді бірі ерін жылтыратқышын қабаттап жағады, ал үшіншілері ерін сызығынан сәл асырып бояудың қыр-сырын меңгеріп жүр. Айта берсе, тәсілдер өте көп! Біз осы әдістердің ішінен кез келген аруға жараса кететін ең әмбебап нұсқаларды таңдадық.

Қалауыңа қарай тәжірибе жасап көр.

1. Қоңыр қарындаш және күліңгір нюд далап

Instagram: @kyliejenner

Кайли Дженнердің сүйікті классикалық образы – еріннің табиғи түсінен сәл қоюлау қоңыр қарындаш пен соған ұқсас, бірақ ашықтау нюд далаптың үйлесімі. Ең алдымен, ерніңнің табиғи реңімен үйлесетін, тым қанық емес, бірақ сәл күңгірттеу реңктерді таңда.

Қарындашпен еріннің сызығын жүргізіп, қажет жерлеріне көлем бер. Сосын ішкі жағын далаппен толтыр. Шекарасын жақсылап жаймалауды ұмытпа – бұл өте маңызды! Бұл бояу кез келген сәнмен – нәзік те, батыл да образдармен тамаша үйлеседі.

2. Тинт және ерінге арналған жылтыр бояу

Instagram: @roses_are_rosie

Кейбір ерін комболары өте оңай орындалады. Қарындашпен жұмыс тәжірибені талап етсе, бұл әдісті боянуға енді қызығып жүргендер де оңай меңгере алады. Кореялық стильдегі шырынды, балғын ерінге қол жеткізу үшін саған небәрі екі құрал керек — тинт пен мөлдір ерін жылтыратқыш.

Алдымен тинтті саусағыңмен жақ. Ол сіңіп, құрғаған соң үстінен жылтыратқышты қолдан. Дайын! Түрлі-түсті ерінге арналған жылтыр бояуларды да қолданып көрсең болады, бірақ алғашында мөлдір түрінен бастаған жөн. Ал тинттің түсін өз қалауыңа қарай таңдай бер – бастысы, саған ұнаса болғаны.

3. Қарындаш, нюд далап және ерінге арналған жылтыр бояу

Instagram: @haileybieber

Хейли Бибер — шығыс пен батыстың макияж трендтерін тамаша үйлестірген жұлдыз. Ол кореялық нәзік жылтырды да, батыстық анық пішінді де ұнатады. Сондықтан оның макияжында үш құрал қатар жүреді: қоңыр қарындаш, нюд далап және ерін жылтыратқыш.

Алдымен ерінге көлем беріп, қарындашпен пішінін сыз. Сосын далаппен толтырып, соңынан жылтыр бояуды жақ. Бұл комбинация ең шырынды, көлемді ерін жасайды. Дегенмен бұл әдіс нюд реңдерімен ғана әдемі көрінеді. Қанық түстермен жасағанда сәл асыра сілтенгендей болуы мүмкін. Бірақ, дәл сондай нәтижені ұнатсаң – батыл әрекет ете бер!


Фото: Instagram

Дереккөз: TheGirl

Поделиться: