
Instagram: @shakentii
Актер Шәріп Серік өзінің бейнесі мен Қуандық Бишімбаевтың қатысуымен жасанды интелект арқылы видео жасаған қазақстандыққа арыз жазды.
Instagram-дағы Arma_mvp парақшасының иесі, әлеуметтік желілерде актер Шәріп Серіктің оның үстінен полицияға арыз жазғанын мәлімдеді. Себебі — ол өз парақшасына ЖИ көмегімен жасалған резонанстық видео жариялаған.
Бұған дейін Арман өзінің парақшасында Қуандық Бишімбаев пен Шәріп Серіктің бейнелері қолданылған жасанды интелект арқылы жасалған видеоны жариялаған болатын.
«Бүгін маған Алмалы аудандық полиция басқармасынан қоңырау шалып, Шәріп Серіктің мені жалған ақпарат тарату бойынша (әрине, нақты есімде жоқ, бірақ шамамен 274-бап бойынша) полицияға арыз жазғанын айтты. Бұл мен жасаған видеоға байланысты екен. Қалай ойлайсыздар? Бұл жерде қылмыс құрамы бар ма»,
деп жазды ол Threads желісіндегі парақшасында.
Кейінірек ол Instagram-дағы stories бөлімінде өзінің видеосының мақсаты — қоғамдағы агрессия мәселесін еске салу екенін түсіндірді.
Сонымен қатар, Арман Қуандық Бишімбаев ісімен белгілі болған адвокат Жанна Оразбақовамен жазысқан хаттарының скриншоттарын жариялады. Скриншоттардан Оразбақованың оны кеңес алуға шақырғаны және оның әрекетінде қылмыс құрамы жоқ екенін хабарлағаны көрінеді.
Еске салайық, бұған дейін Шәріп Серіктің бұрынғы сүйіктісі Әлия Бутеева актерді қол көтерді деп айыптап, әлеуметтік желіде пост жариялаған болатын. Онда ол лифтке кірген сәтте, артынан Шәріп жүгіріп келіп, лифттен шығарып, жұлқылаған сәтін көрсеткен.
Бұл жағдайдан кейін қызды тек оқырмандар ғана емес, қазақстандық шоу-бизнес жұлдыздары, актерлер мен қоғам қайраткерлері де қолдады. Олардың қатарында Шәріп Серіктің бұрынғы сүйіктісі Say Mo да бар.
Актер үнсіз қалмай әлеуметтік желіге видеоүндеу жариялап, арудан кешірім сұрады.
Алайда, осы оқиғадан соң актер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша кінәлі деп танылып, бес тәулікке қамауға алынды. Сонымен қатар, Salem Entertainment медиакомпаниясы Шәріп Серікті «қара тізімге» қосып, онымен жұмысты тоқтатқандарын мәлімдеді. Бұрын жоспарланған жобалардан да алынып тасталды, сондай-ақ ол «Meow» сериалының екінші маусымындағы актерлер құрамынан шығарылды.
Фото: Instagram